Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі желілік саябақтың құрылыс барысын бақылап қайтты

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қаланы аралап, Батыс-2 шағын ауданындағы желілік саябақтың құрылыс барысын бағамдады.

Саябақ құрылысы өңір басшысының бастамасымен жүзеге асырылды. Мұндағы мақсат – қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына қолайлы және жайлы жағдай жасау.

Мәңгілік ел мен Тәуелсіздік даңғылдарын жалғайтын демалыс орнының құрылысын  «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығы» жүргізіп жатыр. Осыдан бір ай бұрын басталған жұмыс қарашаның соңына дейін аяқталады.

Ұзындығы 550 метр болатын саябақта жаяу жүргіншілер жолымен қатар веложолақ,балаларға және егде жастағы адамдарға тынығатын орын,  Workout  алаңы болады. Сондай-ақ 30-дан астам кіші сәулет нышаны қойылып, 65 жарық шам орнатылады.

Қауымдастық мүшелері келесі аптада мұнда тал егу жұмыстары басталатынын алға тартты. Ал алдағы уақытта көпжылдық өсімдіктер мен сквердің сәнін ашатын түрлі гүлдер егіледі.

Урбанистер қауымдастығы Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің сыртына муралдар салу жұмыстарын да аяқтауға жақын. Жоспар бойынша  салынатын 10 муралдың күні бүгінге дейін жетеуі аяқталды. Қалған үшеуін келесі сейсенбіге дейін салып болады.

Қазір Нұрпейіс Байғанин, Әлия Молдағұлова, Сапура Мәтенқызы және Ғазиза Жұбанованың бейнелері, сондай-ақ әлемді мойындатқан әнші Димаш Құдайбергеннің портреті облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің қабырғаларына сән беріп тұр. Есет батыр көшесінде Абайдың кітабын ұстаған қыздың бейнесі де көпшіліктің көңілінен шықты.

Өңір басшысы қауымдастық өкілдеріне өздеріне бекітілген міндеттерді сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button